Астана 2050 – Қазақстанның жас ғалымдарының көзқарасы

Айжан Темірбаева


Білім берудің PhD-ге үміткері, Назарбаев Университеті Білім беру жоғары мектебінің қызметкері.

«Бүгінде бізде ақпараттық технология жеткілікті. Қазақстан ақпараттық технологияны дамыту саласына қаржыны аямай салып жатыр. Яғни 50 жылдан кейін біздің мектептер техниканың соңғы үлгілерімен жарақталатын болады деп толық сеніммен айта аламын. Бүгінгідей ақпараттар ағыны толастамай түрған заманда әрбір білім алушы XXI ғасырдың артықшылықтарын меңгеруі тиіс. Бұл, бірінші кеезкте, осындай мол ақпарат ағынына бейімделе білу. Яғни, осы мәліметтерді дұрыс пайдалану, тәжірибе жүзінде қажетіңе жарату. Меніңше, ұстаздар бұрынғыдай шәкірттерге «оқыңдар, жаттап алыңдар» деп айтпайды. Бұл адам фасилитатор болады. Ол көмектеседі, бағыт береді, есіне түсіреді.

Бірақ негізгі жүк шәкірттің мойнына артылатын болады. Ол өзінің мақсат-мұратына жету үшін не істеу керектігін анық түсініп, білуі тиіс. Меніңше болашақта студенттер оқу бағдарламасын, қай оқу орнында оқығысы келетінін, қандай пәндерді таңдайтынын, өздерін қалай бағалау керектігінін, қандай оқулықтарды пайдаланғысы келетінін өздері таңдайды.
Оқу орындарына келер болсақ, меніңше, жоғары оқу орындары мен мектептердің саны азаяды. Оның орнына, виртуалдық оқу орындары пайда болады. Яғни сабақ веб-сайттар арқылы жүргізіледі. Демек, студент кез-келген оқу орнының сайтына кіріп, тіркеледі. Сосын білім рейтингін қарай алады. Бұл бұрын біз жоспарлағандай тек Орталық Азия ғана емес, бүкіл әлем бойынша жүзеге асуы мүмкін. Астананың мектептері мен жоғары оқу орындары көп ұзамай әлемдік деңгейде бәсекеге түсе алатын болады. Балалар рейтингтерді қарап, ең мықты, ең сауатты ұстазды таңдай алады. Меніңше, осы шәкірттерге қарап білім беру жүйесіндегі басымдыққа ие мамандықтар іріктеле бермек.
Педагогтар әмбебап мамандарға айналады. Олар Z буынының талабына толықтай сәйкес болуы тиіс. Оларды осылай атайтын себебім, ұстаздар аса икемді әрі бейімделгіш адамдарға айналуы тиіс. Меніңше, болашақта биология пәні орманның ішінде өткізіледі. Виртуалдық джунгли болуы да мүмкін. Яғни өсімдіктер әлемін қолыңмен ұстап, сезініп, тәжірибе жасап, иіскеп көруге мүмкіндік аласың. Ана тілінде сөйлейтін мемлекеттерде тіл мен әдебиет оқытылады. Меніңше, 50 жылдан кейін Қазақстанда осындай мүмкіндіктерге жол ашылады.

Фасилитатор – топтағы табысты коммуникацияға жағдай тудыратын адам. Кездесу ережесін, оның жүргізілу тәртібін, күн тәртібін қамтамасыз ете отырып, фасилитатор қатысушылардың ойын кездесудің мақсаты мен мазмұнына жұмылдыруға қол ұшын береді.

Диана Шығамбаева


Математика саласындағы PhD докторы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ аға оқытушысы.

«Астана-2050 – аса ірі мегаполис! Білім мен ғылым туралы айтсам, болашақта оқыту бағдарламасына пәнаралық байланысты енгізіп оқыту жүзеге асырылады. Мәселен, химия-биология, нейрохирургия, робот техникасы. Негізінен қолданбалы және әлеуметтік тұрғыдағы жобаларды көбірек зерттейтін топтар құрылып, соларға басымдылық берілетін болады. Оның ішінде, медицина, энергетика, ауыл шаруашылығы, ғарыш және басқалар… Яғни, біздер, ғалымдар, тек іргелі зерттеулермен ғана айналысып қоймаймыз. Мәселен, математиканы алайық, осы математикалық тәсілдерді қолданысқа енгіземіз.
БҰҰ-ның болжамы бойынша, алдағы 15 жылда әлем халқы қалаларға топталады. 30 жылдан кейін Астана халқы екі есе өседі. Сондықтан елорда тұрғындарының жағдайын жасау керек. Бұл – деген «ақылды қала» жобасының аясында бейнебақылау, фото-бейнетіркеу, түрлі мобильдік қосымшыларды жүзеге асыратын смарт-ситиді іске қосу. Қала қызметтерімен онлайн-байланыс, ашық мәліметтердің порталы, тағысын тағылар...

Астана - Smart City - болашақтың қаласының өмір сүру сапасын жақсарту философиясының негізгі тезисіне жауап беретн жоба. Онда азаматтар мен бизнеске қызмет көрсету біржола интернетке көшіріледі. Блокчейн-технологияларды, смарт-келісім-шарттарды енгізу. Жүйеге енгізілген ақпарат қол қойып, мөрмен бекітілген мәліметтен де артық қорғалған. Жергілікті әкімдіктердің ғимаратындағы есіктерде адамдардың орнына голограммалар жұмыс істейді. Бұрын шенеуіктермен бетпе-бет кездесіп, шешілетін мәселелер онлайн арқылы жүзеге асырылады.
Банк карталары, жүру билеттері, қолма-қол ақша деген өткеннің еншісінде қалады. Олардың орнына – адамның бет әлпеті пайдаланылады. Қызмет түріне ақы төлеу үшін бет-әлпетіңізді тану жүйесіне жақындасаңыз болды, керек ақшаны автоматты түрде есеп-шотыңыздан ала салады.

Сол сияқты инрфақұрылым да дами береді. Жаңа әрі аса мықты өндіріс орындары, спорттық алаңқайлар, демалуға ыңғайлы аймақтар салынады. Бұл жас ғалымдар үшін аса маңызды. Себебі, осындай ғылыми зерттеулерге арналған орындар көбейген сайын, ғалымдардың да білімі жетіліп, тәжірибе алмасу тездетіледі».

...