Юрий Мельниченко


Грек-рим күресінен
Олимпиада чемпионы

Қазақстанның грек-рим күресі бойынша палуаны. Тәуелсіз Қазақстан тарихында Олимпиада ойындарының тұңғыш чемпионы (1996), Азияның екі дүркін чемпионы, әлемнің екі дүркін чемпионы. Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы (2000-2004 жылдар). Қазақстан еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстан еңбек сіңірген жаттықтырушы.

– Астанаға алғаш рет келгендегі есіңізде қалған әсеріңіз қандай?

– Астанаға бірінші рет 1996 жылы келдім. Ол кезде оң жағалауда өмір қайнап жататын. Қала кіп-кішкентай. Спорт және дене тәрбиесі жөніндегі агенттік М. Әуезов атындағы көшедегі екі қабатты ғимаратта орналасты. Парламент Орталық әмбебап дүкеннің қасындағы алаңда болатын. Сол кездегі Астананың бүкіл өмірі осы бір ұлтарақтай жерге шоғырланған еді.

Көкейімде бірден «Астана деген осы ма, осында көшіп келуді ойлағандар Елорданы қалай елестетті екен?» - деген сұрақ туды. Бұл Қазақстандағы кәдімгі шеттегі қала болатын. Өзіне тән ментелитеті бар… Бұл аймақтың спортшылары қарапайым жерлестеріміз болатын. Ешқайсысы өміріміз бір сәтте түбегейлі өзгереді деп ойлаған жоқ. Маған қызық көрінгені ескі мен жаңа, заманауи тіршіліктің үйлесімі болды...

Астана 90-жылдардың соңында

– Сіз Қазақстан азаматтығын 1990 жылы алдыңыз. Сосын Алматыда тұрыңыз. Артынша Астанаға көштіңіз. Неге?

– 2012 жылы мен біржола Астанаға көштім. Ол кезде Астана көркейіп кеткен. Барлық ведомостволар, оның ішінде, спортқа қатысты мекемелердің бәрі осында көшіп келген. Іскерлік және мәдени-спорт орталықтары Астанаға ауысып кетті. Маған «Астана» Президенттік спорт клубының жұмысына атсалысуға ұсыныс түсті.

Мені бас менеджер қызметіне шақырды. Маған Елорданың сыртқы келбеті қатты ұнайтын. Сондықтан бұл ұсынысты қуана-қуана қабылдадым. Осылайша, бірнеше жемісті жылымды кәсіби спорттың дамуына арнадым. «Астана» клубы – бірегей, болашағынан зор үміт күттіретін жоба. Ол Александр Винокуров басшылығымен табысқа жеткен «Астана» велокомандасының базасында жасақталды.

«Астана» велоклубының жеңісі:
Джиро д’Италия 2013 бас классификациясында 1 орын;
Критериум Дофине 2014 командалық классификациясында 1 орын;
Тур де Франс 2014 бас классификациясында 1 орын;
Джиро д’Италия 2015 командалық классификациясында 1 орын;
Вуэльте 2015 бас классификациясында 1 орын;
Джиро д’Италия 2016 бас классификациясында 1 орын;
Джиро д’Италия 2016 командалық классификациясында 1 орын;
Вуэльта Испании 2017 командалық классификациясында 1 орын;

«Астана» Президенттік кәсіби спорт клубы 2012 жылы ҚР Президентінің бастамасымен құрылды.
Мультиклубтың негізгі міндеті - спорт әлемінде ел абыройын көтеру және спорттық жобаларды тиімді түрде басқару.
Бүгінде «Астана» спорт клубы құрамына «Astana Pro Team» кәсіби велошабандоздар командасы, «Астана» футбол клубы, «Барыс» хоккей клубы, «Астана» баскетбол клубы, «Astana Motorsports» ралли-рейд командасы, «Astana Arlans» бокс клубы кіреді. Клуб туы астында ауыр атлетикадан екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин мен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тен өнер көрсетеді.

Эстафета бойынша біздің велокоманданың халықаралық жетістігі ол кезде әлі ешкімге таныла қоймаған «Астана» футбол клубы, Барыс» хоккей клубы, «Астана» баскетбол клубы және боксшылардың «Astana Arlans» командаларына берілуі тиіс болатын. Мен осы жоба 100 пайыз жүзеге асты деп ойлаймын. Жоғары айтылған әрбір сала бойынша біздің спортшыларымыз зор табысқа жетті. Бұрын әлемде біздің еліміз бен астанамызды Елбасымыздың мәртебесі, белелі және оған деген құрмет арқылы білетін. Бүгінде біздің спортшыларымыз осы отандық брендті толықтыра түсуде. Сондықтан клубтағы жұмыс ойдағыдай деп айта аламын.

– Астанадағы бапкерлік қызметіңіз жөнінде айта кетсеңіз.

– «Астанадан» кейін мен грек-рим, еркін, әйелдер күресі және дзюдо сияқты күрес түрлерінен ұлттық құраманың резервін дайындайтын Олимпиадалық дайындық орталығында директор болып жұмыс істедім.

4 жыл ішінде әріптестеріммен бірге жақсы көрсеткішке қол жеткіздік. Негізгі құрамға енген және болашақта енетін балалардың бәрі – менің шәкірттерім. Қазір мен Қазақстан Спорттық күрес қауымдастығының вице-президентімін.

– Қазіргі кезде Астанада спортпен шұғылдану үшін қандай жағдай жасалған?

– Өткен жылдарды есіме түсірсем, Кеңес Одағынан бізге қалған мұра халықаралық деңгейге мүлде сәйкес келмейтін. Бізде ірі халықаралық сайыстар өткізу мүмкін емес еді. Біздің спортшылардың ұрпағы осыны өз көзімен көрді. Біз ірі спорттық нысандарды тек шетелге шыққанда көретінбіз. Еліміздің басшылығы осы мәселені мақсатты түрде шешуге кірісті. Спорт нысандарды бірінен соң бірі салына бастады. Тәуелсіздік алған соң Қазақстанда көптеген заманауи спорттық нысандар бой көтерді. Олардың көбісі Астана қаласында салынған.

*фотография предоставлена стадионом «Астана Арена»

«Астана-Арена» стадионы

Астана қаласында салынған алғаш заманауи спорт кешендерінің бірі. Ол ресми түрде 2009-жылдың маусымында ашылды. «Астана-Арена» көлемі 10 000 шаршы метрді құрайтын төбесі жылжымалы жүйемен жабдықталған әлемдегі алты футбол стадионның бірі. Стадионға 33 000 адам сыяды.

Бүгінде астаналық спортшылар соңғы үлгідегі, заманауи отандық базаларда шеберлігін шыңдауға тамаша мүмкіндік алып отыр. Енді халықаралық сайыстарға барғанда олар бір спорт нысанынан екіншісіне ауыса салады. Мұны біздің спортшылардың жоғары нәтижесі де дәлелдейді. Кейбір спорт нысандары тіпті әлемдегі бәскелестерінен басып озады. Мәселен, конькимен жүгіруге арналған «Алау» стадионы өте мықты. Ондағы мұздың сапасында мін жоқ. Бізде «Барыс-Арена» деп аталатын керемет кешен бар. Шетелден келетін спортшылар осы кешендерге қызығады. Өте ыңғайлы, қолайлы деп мақтап жатады. Ең бастысы – жанкүйерлер үшін барлық жағдай жасалған.

Жақында әлемдік деңгейдегі аса ірі сайыстар өткізуге мүмкіндік беретін Жекпе-жек сарайы пайдалануға беріледі. Мұнда әлем біріншілігі сияқты ірі бәсекелер өткізіледі. Геннадий Головокин өз Отанында тамаша өнерімен қуантса дейміз. Флойд Мейвезермен шаршы алаңда кездесіп, жеңіске жетсе, сөйтіп, американдықты құрметті демалысқа жіберсе деген арманым бар.

*Reuters

Геннадий Головкин – орта салмақ дәрежесінде өнер көрсететін қазақстандық кәсіпқой боксшы. Әуесқойлар арасында әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының вице-чемпионы, WBA, IBF, WBC, IBO версиялары бойынша әлем чемпионы. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. Головкин көптеген жекпе-жектерді мерзімнен бұрын аяқтаған мықты әрі техникалық жағынан жетік панчер ретінде белгілі. Ол 2008-2017-жылдар арасында өткізген 23 жекпе-жекті нокаутпен аяқтады. Кәсіпқой алаңда 39 жекпе-жек өткізіп, 38-інде жеңіске жеткен, бір рет тең түскен. 2018 жылдың ақпанында Геннадий Головкин «Жыл боксшысы» номинациясында «Аңызға айналған боксшы» сыйлығының иегері атанды.

– Енді Астананың спорттық өмірі туралы әңгімелесек. Бізге қандай ұлы спортшылар келді. Өзіңіз кімдермен кездесіп, алған әсерімен бөлістіңіз, болашаққа деген жоспарымен таныстыңыз?

– Астанаға келген күрес әлеміндегі ең танымал спортшылардың бірі - Александр Карелин. Соңғы жылдары Қазақстанға көптеген спорт жұлдыздары келді. Астанадағы теннисқұмар жанкүйер соңғы жылдары Дэвис Кубогінің матчтарын тамашалауға мүмкіндік алды. «Astana Arlans-қа» да ең танымал боксшылар, Олимпиада чемпиондары, әлем чемпиондары келіп тұрады. Мен аузы-мұрнынан шыққан стадиондарды көрдім. Жанкүйерлердің қуанышында шек жоқ. Әлі есімде, «Астана-Аренаға» әлемнің ең мықты командаларының бірі «Селтик» келгенде, жанкүйерлер әлемдік деңгейдегі футбол шеберлерінің ойынын өз көзімен тамашалады. «Астана» велошабандоздар командасы да талай рет шеберлік дәрісін өткізді. Жанкүйерлерге Фабио Ару, Нибали, Контадор мен Александр Винокуровты өз көзімен көруге, қолтаңба алуға мүмкіндік бұйырды.

Астанада спортқа бейім қала. Мұнда спорт рухы қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа ауысып келеді. Әлбетте, оған барлық әлеуметтік топтар жұмылдырылған. Бұл жұмыс қарқынды әрі ұдайы түрде жүргізілуде. Астана марафоны жүгіргісі келетіндердің бәрін – қала тұрғындары мен студенттерді жыл сайын жарыс жолында жинайды.

2018 жылы Астана үшінші рет халықаралық қайырымдылық «BI Marathon» өткізілді. Сайысқа әлемнің 20 елінен келген 7 200 спортшы, яғни рекордтық деңгейде қатысушы атсалысты. Ең қарт марафоншының жасы 76-да, ең жас желаяқ 5 жасар қыз. Екі жыл ішінде «BI Marathon» ұжымдық сайыстан халықаралық бәсекеге ұласып, салауатты өмір салтын паш ететін әлемдік трендке айналды. Қатысушылардың тіркелуге төлеген ақысы қайырымдылық мақсатына жұмсалады. 2016 жылы «BI-марафон» 10 миллион теңге, 2017 жылы 16 миллион теңге, 2018 жылы 23 миллион теңге жинаған.

– Сіз шетелде көп болыңыз. Астананы басқа елдердің қай қаласымен салыстыра алар едіңіз?

– Мен Астананы Біріккен Араб Әмірліктерінің ең ірі қаласы – Дубаймен салыстырар едім. Мұны тек мен ғана салыстырып жүрген жоқпын. Көптеген адамдар Астананы алғаш көргенде, біздің Даун -таунды мақтайды. Ол аса озық заманауи ғимараттардан тұрады.

Осы сәулет ансамбльдері саяхатшылардың Даубайды алғаш көрген кездегі көрінісін көз алдыңа келтіреді. Астанаға келген қонақтар қала сәулетін зор ілтипатпен тамашалайды. Маған қаланың «Нұржол» саябағы ұнайды. Жағалау мен қала саябақтары ұнайды. Жалпы қалаға сүйсінемін, көгалдандыру үрдісі ұнайды. Әрине, әлі істейтін жұмыс көп. Бірақ, қаланың күннен күнге абаттанып, бұрынғыдан да жайлы болып келе жатқаны байқалады. Тағы да айтайын, қаланың кез келген жерінде дене тәрбиесімен айналысуға жағдай жасалған.

Маған ең ұнайтыны - әрбір аулада спорт алаңқайы бар. Меніңше, бұқаралық спорт ең алдымен балаларға арналған алаңқайда басталады. Көптеген ойын алаңдары түн жарымына дейін босамайды. Бұл дегеніміз - халық дене шынықтыруды жақсы көреді, үзбей айналысады деген сөз. Бұл қалада салауатты өмір салтын дәріптеуге байланысты барлық мақсат-міндет орындалып жатыр.

– Астана сізге несімен жайлы деп ойлайсыз?

– Астананың логистикасында мін жоқ. Бәрі сауатты түрде жобаланған. Мен жаяу жүргенді ұнатамын. Бірнеше шақырым жаяу жүрсең де, шаршамайсың. Отырғың келсе, кез келген тұста орындық табыла кетеді. Мұнда абонемент бойынша велосипедті жалға алып, келесі аялдамаға жетіп алуға болады. Шартты түрде айтқанда, жұмысқа дейін жетіп аласың. Бір сөзбен айтқанда, логистика тамаша, әбден ойластырылған.

– Астананы 30-50 жылдан кейін қалай өзгереді деп ойлайсыз? Мұнда қандай адамдар тұруы мүмкін?

– 30-50 жылдан кейін Астананы бірнеше деңгейлі жолдар салынған, көкорай шалғынға оранған ірі мегаполис ретінде елестетемін. Қаланы қоршап тұрған жасыл белдеу Щучинск-Бурабай табиғи аумағымен шектесіп кетті. Ол кезде астаналықтар жер үстінде орналасқан бірнеше деңгейлі заманауи метро желісімен қозғалуға мүмкіндік алады. А бекетінен В бекетіне санаулы минутта жете алады.

Қала әлемдегі озық технологияның ең үздік үлгілерін өз бойына сіңіреді. Астананың аса ірі, көркем, көпсалалы, қолайлы қалаға айналатынына күмәнім жоқ. Мұнда бақытты адамдар, табысты спортшылар өмір сүреді. Ол кезде Астанадағы спорт алаңдарыннан көптеген чемпиондар өсіп шығатынына кәміл сенемін. Әлемнің және Олимпиаданың жаңа чемпиондары тәрбиеленіп шығады. Нақ байырғы астаналықтар солардың қатарынан табылады!

...