Игорь Иванович Рогов


Белгілі саяси қайраткер
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры атқарушы директорының орынбасары

Қазақстанда мемлекеттік әділет саласының қайраткері. 1990 жылдан бастап Президент аппаратында жұмыс істеді. 1992 жылдан бастап Конституциялық сот төрағасының орынбасары. Игорь Рогов Президенттің көмекшісі және кеңесшісі қызметін атқарды. 2000 – 2002 жылдар арасында Қазақстан әділет министрі.
Ең жоғары қызметі - Конституциялық сот төрағасы. Игорь Рогов бұл қызметті 2004 жылдан 2017 жылға дейін атқарды.
Бірнеше орденнің иегері, Қазақстан криминология қауымдастығының президенті.
Үш тілді меңгерген – орыс, қазақ және неміс.

– Енді 20 жылға кері шегініп, саяси истеблишменттің астананы көшіру туралы ұсынысты қалай қабылдағанын есімізге түсірейікші.

– Әртүрлі қабылдады. Негізінен, қолдағандар көп болды. Осы сұрақ талқыланып жатқан сәттегі Жоғарғы Кеңестегі пікірталас әлі есімде. 6- шілде болатын. Депутаттар түрлі көзқарас білдіріп жатты.

Алматыны Ақмолаға ауыстыру туралы тарихи шешім 1994 жылдың 6-шілдесінде, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінде қабылданды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент сессиясында депутаттар алдында сөз сөйлеп, астананы Алматыдан Ақмолаға көшірудің қажеттілігін түсіндірді. Елорданы көшіретін жерді таңдаудағы 32 шартты атап көрсетті. Депутаттар қызу талқылай келе мемлекеттік мәселе мен астананы көшіруге келгенде жеке мүддені ойлауға орын жоқ екенін түсініп, батылдық танытты. Сөйтіп, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекет астанасын Ақмолаға көшіру туралы бастамасын қолдау жөнінде шешім қабылдады. Ел өміріндегі тарихи шешім, міне, осылай қабылданған еді.

Ал шешім қабылданған соң, депутаттардың бірі: «Бері қараңыздар! Бүгін Президентіміздің туған күні. Осы шешімді қабылдап, оған сыйлық жасайық» деді. Мұны негізгі фактор деп ойламаймын. Дегенмен, жұрт бір серпіліп қалды. Бәрі ду күлді. Содан кейін шешім қабылдады. Мәжілістен кейін: «Иә, шешім қабылдадық. Бірақ бұған ондаған жыл уақыт керек. Соған қарағанда, жуырда көше қоймас» , -дегендер де болды. Көбі бұл жуық арада іске асады деп ойлаған жоқ. Елбасы мен оның серіктерінің батыл әрекетінің арқасында мүмкін емес нәрсе тез іске асты. Кезінде, бір әдебиеттен 68-ші жылғы солшыл қозғалыстың «Реалист болайық, мүмкін еместі талап етеміз!» деген ұранын болғанын оқығаным бар. Біздің Президентіміз - нағыз реалист. Бірақ ол мүмкін еместі талап еткен жоқ. Ол мүмкін емес нәрсені жасады. Қазақстан да мүмкін еместі жасайтын реалистер елі сияқты. Бүгін біз сол мүмкін емес нәрсенің іске асқанын көріп отырмыз.

– Ол кезде алдымен қандай тәуекел есепке алынды?

– Бірінші кезекте, әрине, қаржы мәселесі. Ақша жете ме жоқ па, қаржы жеткіліті ме, жоқ па, қандай себеп-салдары болуы мүмкін, адамдарды қайда орналастырамыз? Орныңнан тұрып, көше салу оңай емес. Әрине, Ақмолаға келіп, алғашқы қыста жатақханада, қонақ үйде тұру үшін қуатты мотивация болған шығар. Қалай іске асты? Дейсіз ғой? Меніңше, бұл жерде Елбасымыздың ерік-жігері, күш-қайраты тікелей ықпал етті деп ойлаймын. Басқаша жағдайда, яғни, объективті факторлар ғана емес, мемлекет басшысының тікелей қажыр-қайраты болмағанда, бұдан түк шықпас па еді. Ал бүгінде ол даланың інжу-маржаны ғана емес, сәулетіне дәулеті сай қалаға айналды. Сондай-ақ, қала - мәдени, саяси, экономикалық, қаласаңыз, идеологияның орталық.

Астана – болашағы жарқын қала. Высоцкий айтқандай: «Бұл – ілгеріге, көкке өрлеу». Бұл Астанаға қарата айтылғандай. Хан Шатыр мен Бәйтерекке қараңызшы. Қаламыздың, астанамыздың келбетіне көз салсаңыз, бұл анық көрінеді. Еліміздің, бүкіл Қазақстанның символы болашаққа ұмтылып тұр. Бәйтерек - ұлттық нақыш, болмыс және мәдениетімізбен бітісіп, асқан кемеңгерлікпен жасалған. Алғашқы 98-99- жылдары көшіп келген алматылықтардың көңіл күйін қазір есіме алып отырмын... Бір жолы қалалық саябақта серуендеп жүріп, Есілдің жағасында сәкіге барып отырдым. Қиналып жүрсе керек, біреу сәкіге «Алматы, сені қатты сағындым!» деп жазып қойыпты. Мен еріксіз күліп жібердім... Қазір ондай жазуды таппайсыз. Әрине, Алматыны жақсы көреміз. Біз алматылықпыз, туып-өскен жеріміз бізге қымбат. Бірақ қазір Астана – зияткерлік, экономикалық күшті өзіне магнитше тартатын орталыққа айналған. Сондықтан, біз Астанадан ерекше құбылысты - халықтың жанданып, жаңғыруын, бұған айрықша мән беретінін байқаймыз. Бұл – құндылық. Бұл терминді жиі қолданатын болған. Ол да жәйдан-жай болмаса керек. Соған орай, Астана – Еуразия кіндігі болып саналады.

– Астана көшірілген кезде алғашқы кездескен қиындықтардың бірі – Арқаның суық аязы болды. Тағы қандай қиындықтар кездесті?

– Астананың аязы бөлек әңгіме. Алматылықтар бір-бірін сол аязбен қорқытатын! Бір жолы Алматыдағы мемлекеттің саяжайлардың бірінде, Кодексті, ҚК, ҚПК жазып отырғанбыз. Кенет бір әріптесім, ішкі істер министрінің орынбасары қоңырау шалып: «Игорь Иванович, жеңілдікпен қаптөсек алып жатырмыз. Қалың, жып-жылы екен. Тіпті мұз үстінде ұйықтасаң да, жаурамайсың»,- деді. Мен оған: «Мен – аңшы емеспін. Маған керек емес»,- дедім. «Қайдағы аңшылық? Ол жақта қандай суық екенін білесің бе? Қаланың қақ ортасында, мәшинеде қаптөсекті аласың...»- дей беріп еді: мен оған: «Егер көлікте үсіп қалу маңдайыма жазылған болса да , ерегіскенде сол қаптөсегіңді алмаймын»,- дедім. Сосын, Ақмолаға келгенде, мұның тым асыра айтылған әңгіме екенін білдік. Ең қызығы, қазір қалада әжептеуір жылы сияқты.

– Жас астананың әлемдік қоғамдастықта саяси беделі қалайша тез өсті?

– Бұл да аз уақыттың ішінде іске асты. Қоныс аударудан бір жыл, жарты жылдай бұрын маған (мен ол кезде Конституциялық сотта жұмыс істейтінмін) түсірілім тобы келді. Аустрия телевизиясынан болуы керек. Олар жаңа астаналар туралы фильм түсіріп жүр екен. «Біз Анкарада болдық, Бразилиада болдық. Енді сіздерді түсіреміз»- деді. Олар кететін шығынды есептеді. Әлі астана көшірілмесе де, бізге тілектес екенін әрі бұл шешімнің саяси, экономикалық және психологиялық жағынан өте тиімді екенін айтып жатты. Айтса айтқандай, егер қателеспесем, келесі жылы-ақ, Астананың ашылу салтанатынан кейін ЮНЕСКО Астананы бейбітшілік қаласы деп жариялады.

Игорь Бургандиновтың Фотографиялар

Астананың іргетасы қалана салысымен, бір жылдан кейін, ЮНЕСКО оған «Бейбітшілік қаласы» деген атақ берді. Бұл жаңа астанада әртүрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдері бейбіт өмір сүреді дегенді білдіреді.
«Бейбітшілік қаласы» - жәй ғана әдемі теңеу емес. Халықаралық ұйымның медаліне қосымша берілген ЮНЕСКО дипломында бейбіт өмірге үміт отын жағу, күнделікті өмірде ынтымақтастықты нығайту мен бейбітшілік мәдениетін арттыруға зор үлес қосқаны үшін қалаға осындай атақ берілгені атап көрсетілген. Егер Астананың тарихына көз жүгіртсек, мұндай үлкен мәртебе әбден лайық екені түсінікті болады.

Ал егер мұнда өткен халықаралық іс-шараларды атап өтсек – ЭКСПО, Қысқы Азиада, ЕҚЫҰ саммиті. Сонымен қатар, діни мәселелер бойынша конференциялар жиі өтіп тұрады... Ал ең соңғы іс-шараны айтсақ, ол - «Астана процесі. Сириядағы шиеленісті шешуге арналған. Оларға осы қалада өткізіңдер деп ешкім қолқа салған жоқ. Тараптар Астананы өздері таңдаған. Астана – қарсы текетіреске түскен тараптар ортақ мәмілеге келетін бітімгерлік орталығы сияқты. Осыдан-ақ Астананың халықаралық беделін байқауға болады.

– Астана қазір Еуразия кіндігі болып саналады. Географиялық жағынан ғана емес, сондай-ақ бұл саяси, экономикалық, діни мәселелерді шешу орталығы. Бұған қандай факторлар ықпал етті?

– Менің ойымша, бірінші кезекте, бір елдің астанасы ретінде ғана емес, Қазақстан мемлекетінің абыройы. Бұл өркендеген, дамыған мемлекеттің, елдің беделі. КСРО қираған сәтте, Қазақстан қиындыққа төтеп берумен қатар, Еуразия кеңістігіндегі көшбасшылар қатарына кірді. Бұл жерде, әрине, мемлекеттің, Ұлт көшбасшысы Нұсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың рөлі мен оның жеке беделін айтқан жөн. Астана десе Қазақстан, болашаққа өрлеген Қазақстан, ал Қазақстан ауызға алынса, Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі қоса айтылады. Ал Қазақстан халқы осы жобаны іске асырушы – қозғаушы күш, энергия.

– Кез келген қаланың айрықша харизмасы қалыптасып, биік белеске көтерілуі, астананың өзіне тән мәдениеті қатыптасуы үшін біраз уақыт қажет. 20 жыл – көп емес. Бұл қаланың өз пәлсапасы бар ма?

– Пәлсапаға келсек, мен бірнеше жәйтке тоқталып өтер едім. Біріншіден, бұл ізгілік қаласы. Қала тұрғындарының ыстық ықыласын, жылы шырайын сезінуге болады. Мұны тек мен ғана байқаған жоқпын. Астанаға келген әріптестерім де, достарым да дәл сондай пікірде. Жұмыс бабыма байланысты көптеген дипломатиялық өкілдермен кездесуіме тура келді. Олардың айтуынша, бұл кешке қарай, Есілдің жағасында емін-еркін серуендеуге болатын тыныш қалалардың қатарында. Дегенмен, Астанада сонымен қатар, қайнаған өмір... Қазір сәнге айналған креатив те байқалады. Дәл қазір аузыма басқа сөз түспей тұр. Мұнда парасатты, іскер, шығармашылық адамдар жиналған. Астанадағы бұл жылулық күн санап артып келеді. Бұл импульсті беріп тұрған, бірінші кезекте біздің көшбасшымыз. Қараңыздар - Назарбаев Университеті мен, Астанада бірінші құрылған ғылыми-оқу мекемесі – Гумилев атындағы ЕҰУ.

Астанадағы Назарбаев Университеті 2009 жылы құрылды. Осы уақытқа дейін жоғары оқу орны өзіндік дәстүр мен оқытудың замануи жүйесі үйлесін тапқан, ең жақсы білім беретін элиталық мекеме ретінде көрсетті. Мұны абитуриенттер мен студенттердің санының жыл сайын өсуі, бітіруші түлектердің білімінің жоғары деңгейі растайды. Білім берудің халықаралық стандарттарының барлығына сәйкестігі Қазақстанның білім беру жүйесін әлемдік деңгейге көтерді. Қазіргі таңда Назарбаев Университеті респубиканың ғылыми-зерттеу ісінің ұйытқысына айналған.

Назарбаев Университетінің биік мақсаты бар. Ол – елдегі барлық жоғары оқу орнына үлгі болатындай, білім берудің эталондық моделін құру. Бұл Қазақстанда академиялық еркіндік пен автономия қағидасы бойынша жұмыс істейтін алғашқы жоғары оқу орны. Университет қызметінің негізгі мақсаты – келешекте мемлекеттің дамуы мен өркендеуіне өз үлесін қосатын мамандарды әзірлеу. Бұған білім берудің сапасын әлемдік стандарттарын қолдану арқылы, халықаралық тәжірибені мұқият зерттеу және білім беру процесіне инновациялық зерттемелерді енгізу арқасында қол жеткізуге болады.

– Астана қазірдің өзінде Еуразияның орталығы болып қалыптасты. Осы үрдісті 30-50 жылдан кейін көзіңізге қалай елестетесіз?

– Меніңше, бұл үрдіс жалғаса береді. Тіпті үдеп, күшіне мінеді. Менің ойымша, Астана орталық болуға ұмтылуын жалғастыра түспек. Бастапқыда - замануи түсінікте айтқанда еуразиялық кеңістіктің орталығына айналады. Бізге еуразиялық идеологияны географиялық түсінікте құру қажет. Яғни, осы құрлықты мекендейтін халықтар, ерте ме, кеш пе еуразиялық болуы тиіс. Қазір бір мысал келтірейін. Айталық, адам құқығы түсінігі. Еуропалық Адам құқығы хартиясы бар. Адам құқығы жөніндегі Еуропалық сот, еуропалық құндылықтар бар. Мәселен, араб елдері үшін Адам құқығы түсінігі Хартиясы бар. Қазір адам құқығы бойынша Азия сотын құру туралы сонымен қатар, Адам құқығы жөніндегі Азия хартиясына қол қою мәселесі қызу талқыланып жатыр. Меніңше, біз бұлай бөлінбеуіміз керек. Біз – Еуразия деген бір құрлықпыз. Бәлкім, бір пәтуаға келіп, бір бітімге келуге болатын шығар. Біз бәріміз адамбыз. Сондықтан, бәрімізге ортақ түсінік болуы тиіс. Менің ойымша, Астана орталық бола алады. Ол шын мәнінде, осы міндетті атқаруда. Ол магнит сияқты өзіне ұғымдарды, соның ішінде гуманитарлық саладағы идеологиялық мектептерді тарта алады. Бұл міндет Астана қаласына жүктелген сияқты. Сондай-ақ, бұл процесс жалғасын табады. Негізгі беталысқа қарасақ, егер Қазақстан өз әлеуетін еуразиялық көшбасшы ретінде дамыта түссе, ал біздің елден мұндай үміт күтуге барлық негіз бар, Астана бүкіл Еуразияның орталығы болады деп ойлаймын.

...