Майра Мұхамедқызы


«Астана Операның» жетекші әншісі
(трагедиялық сопрано,
италия белькантосы)

Ұлты қазақ. Қытайда туып өскен. 1994 жылы тарихи Отанына көшіп келіп, Қазақстан азаматтығын алды.
Париждегі «Гранд Операның» Қазақстаннан шыққан тұңғыш және жезтаңдай әншісі, республикаға еңбек сіңірген артист, айтулы халықаралық байқаулардың лауреаты. 2015 жылдан бастап отбасымен Астанада тұрып жатыр.

– Майра, осыдан 20 жыл бұрынғы Астананың әлемдік тұсаукесері өткен кезеңге қайта оралайықшы. Сол кезде алған әсеріңізді айта кетсеңіз.

– «Араға біраз жыл салып, осында көшіп келемін, осы қалаға ғашық боламын» деп ойламаппын. Есімде бір қалғаны – күн суық, жел соғып тұрған. Бұрын ешқашан ондай суық пен иен даланы көрген емеспін. Инфрақұрылым жетілмеген, қала енді салынып жатқан. Тек бір қонақүй мен Конгресс-Холлдың кішігірім залы бар. Сол кезде: «Осындай суықта адамдар қалай өмір сүреді?»,- деп ойладым.

Бұл – 20 жыл бұрынғы оқиға. Қазір мен бұл қалаға ғашықпын. Осы жылы Астанаға көшіп келіп, орналасқаныма 4 жыл болады. Бүгінде мұндағы өмір ырғағы мүлдем басқаша, адамдар да, қала да түбегейлі өзгерген. Ең бастысы – мұнда опера театры бар!

Астана, презентация столицы миру

10 маусымда егемен Қазақстанның Елордасы -Астананың халықаралық тұсаукесері өтті. Мазмұнды мәдени бағдарламаға енгізілген орталық стадионда өткен театрландырылған қойылым, қаланың бас алаңында қазақстандық және шетелдік өнер жұлдыздарының гала-концерті, мерекелік шерулер өткізілді. Өз кезегінде, осы мерекеге арнайы келген мемлекет басшылары Көшбасшылар аллеясына алғашқы көшеттерін отырғызды.

– Ол сіздің ыстық ұяңызға, екінші үйіңізге айналған шығар… Бұл ғимарат сізді несімен таң қалдырады? Сәулеті мен ерекшеліктері туралы не дейсіз?

– Дұрыс айтасыз, ол менің үйім. Бұл – әлемдегі ең үздік театрлардың бірі. Оны салу үшін заманауи технологияның жетістіктері пайдаланылған. Өте үлкен, көздің жауын алатындай әдемі. Алтынмен апталып, ұлттық нақыштармен көмкерілген.

Фотографии предоставлены Государственным театром оперы и балета «Астана Опера»

«Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры – ұлттық маңызға ие сәулет өнерінің ескерткіші.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен негізі қаланған. Театр ғимараты үш жылда салынып біткен. Театрдың сыртқы келбеті мен ішкі интерьерінің құрылысымен әлемнің 33 елінен келген сәулетшілер командасы мен құрылысшылар айналысты. Театр шымылдығы 2013 жылдың 21 маусымында Мұқан Төлебаевтың «Біржан мен Сара» операсымен ашылды. Сәулетінің кемелдігі жағынан Миланның «Ла Скаласынан», Мадридтің Король театрынан, Мәскеудің Үлкен театры мен Нью-Йорктің «Метрополитен-операсынан» қалыспайды.

Мұнда әлемдік опера үні үзілмейді, ірі қойылымдар жүріп жатады. Бізге әлемнің ең үздік өнер шеберлері келіп тұрады. Мәселен, Пласидо Доминго. Өткен жылы ол Астанаға келіп, өзінің атындағы халықаралық байқауын өткізіп кетті. Біздің театрды күллі әлем біледі. Мұндағы акустика өте тамаша. Менімен бірге жұмыс істейтін адамдар: театр труппасы, оркестрдің музыканттары – өз ісінің хас шеберлері. Өз басым осында ән айтуды ұнатамын. Себебі, кәсіпқой мамандармен жұмыс істеу оңай, көңіл күйің көтеріңкі жүреді. Менің шығармашылыққа байланысты арман-тілектерім осы театрда жүзеге асып жатыр. Жақында қазақ тілінде «Біржан-Сара» операсының тұсаукесері өтіп, аншлаг болды.

Бір айта кетерлігі, қазақша қойылымдарда (бұрын солай болатын) қашан да декорация аз болды. Себебі ұлттық қойылымдардарға көрермен қызыға бермейтін. Барлығы классикаға, италия операсына баратын. Бірақ, осында қойылған «Қыз Жібек», «Біржан-Сара» операларын жауһар туындыларға жатқызар едім. Сарқырамалар, костюмдер, анимация, 3Д, оркестр. Сахнада үлкен ұжым тер төгіп, елді аузына қаратты. Көрермен мұндайды күтпеген еді. Осындай операны көргенде, бәрі таңдай қақты. Алайда «Астана Операның» осындай мүмкіндігі бар. Сондықтан ол менің жаныммен егіз…

1 1 1 1 1 1 1 1

– Алматыдан Астанаға неге көштіңіз?

– Мені Астанаға үш рет шақырды. Мен ойланып жүрдім. Алматының табиғаты, ауа райы менің туған жерімдікімен бірдей. Аңсайтыным тағы бар… Мен үшін Алматы өте қолайлы жер болатын. Тағы бір себебі – «Астана Опера» ашылғанда репертуары қазіргідей бай емес еді. 2013 жылы театрдың алғашқы маусымы енді басталған. Сондықтан мен Абай атындағы театрдан басқа жерде ән айта алмадым. Алматыда менің мол репертуарым, көптеген өнеріме табынушыларым бар еді. Көрермен мені қызыға тыңдайтын. Астанаға келгенде, жұмысымды «Абайдың» жаңа қойылымынан бастадым. Қазір осында өнер көрсетіп жүргеніме үшінші маусым болды.

«Абай» операсы

2015 жылдың 25 қыркүйегінде
Қазақстан музыка өнерінің ең үздік жетістіктерінің бірі, ұлт мақтаныштары, композиторлар – А.Жұбанов пен Л.Хамидидің бірегей туындысы «Абай» операсының ауқымды тұсаукесері болып өтті. Либретто авторы - Мұхтар Әуезов.

Операның жаңа нұсқасын қазақ-италия шығармашыл тобы қойды: қоюшы-дирижер – танымал қазақ дирижеры, Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер, А.Жұбановтың немересі Алан Бөрібаев, қоюшы-режисер - италиялық Джанкарло дель Монако (театр үйлестірушісі, танымал опера әншісі Марио дель Монаконың баласы), кеңесші- режиссер – Қазақстанның халық әртісі, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, «Парасат» орденінің иегері, профессор Есмұхан Обаев. Операны көркемдік жағынан безендіру «Ұйқыдағы ару», «Аққу көлі», «Ромео и Джульетта», «Бақшасарай бұрқағы» спектакльдері бойынша астана көрерменіне таныс болып қалған италияляқ шебер, заманымыздың аса көрнекті сценографы Эцио Фриджерио мен костюмдер суретшісі Франка Скуарчапиноға тапсырылды.

Абай – біртуар ақын, ағартушы, пәлсапашы, ұлтымыздың рухани ұстазы. А. Жұбанов пен Л.Хамидидің операсында аса көрнекті, жан-жақты тұлғаның ойының, дүниетанымының ауқымдылығы, талғампаздығының тереңдігі толығымен ашылады. «Абай – қазақ халқы үшін өте маңызды тұлға. Ол жасампаз қоғамдық-саяси және мәдени миссияны атқарған адам. Ол әрдайым болашаққа көз тіккен, халқын ойлаған, халықпен бірге болған…» , - деді Джанкарло дель Монако.

– Астананың жылы шырайлы тұрғындары туралы не айтасыз? Олар еліміздің басқа өңірлерінің халқынан ерекшелене ме?

– Әрине. Біріншіден, мұнда әлі халық көп емес. Екіншіден, бұл жастардың қаласы, мұнда студенттер өте көп. Бұл – қауіпсіз қала. Мен мұнда өзімді еркін, ыңғайлы сезінемін. Кешкісін отбасымызбен бірге серуенге шығып тұрамыз. Мұндағы балалардың туу көрсеткіші едәуір жоғары. Қазір мен Алматыдағыдан да жайлы жағдайда өмір сүріп жатырмын. Біз зәулім үйде тұрамыз. Онда 10 мың адам қоныстанған. Балаларға барлық жағдай жасалған. Серуенге шығуға да ыңғайлы, жан-жағы қоршаулы, көлік жоқ, барлық жерге камералар орнатылған. Қызымның қай жерде серуендеп жүргенін көре аламын. Ол әрдайым көз алдымда. Сол сияқты біз «Арай» президент саябағында қыдыруды ұнатамыз. Әсіресе, жазда… Бізде жаз қысқа. Бірақ біз баламызбен сол жерге барып ойнауды жақсы көреміз.

«Арай» саябағы – «Астананың ең көрікті мәдени-демалыс орындары» атағына үміткер саналатын әдемі саябақ. Ол 2007 жылы салынып бітті. Мұнда ұлы саяси қайраткерлердің, хандардың, әскербасылардың, ғалымдар мен ақындардың бойларымен бірдей ескерткіштер орнатылған. Сол сияқты, қоладан құйылған ежелгі жауынгерлердің 18 мүсіні қойылған. Биіктен қарағанда, бүкіл композиция «Таңбалы тасқа» түсірілген «күн адамы» кескіндемесін еске түсіреді.

Астанада саябақтар мен гүл бақтарына 120 мың гектар жер бөлінген. Олардың көбінің тақырыбы, өзіндік атаулары бар. Мәселен, «Нұрлы жол» темір жол вокзалының жанында көп ұзамай «Шабадан саябағы» пайда болады. Астанада, сол сияқты, «Астрономия мен ғарыш саябағы», «Тастар бағы», тіпті, «Математика гүлзары» да салынады.

– Астанадағы ең сүйікті жыл мезгіліңіз қандай?

– Күз. Өзім күзде дүниеге келіппін. Төрт маусымның ішінде күзді аса қатты ұнатамын. Оның үстіне, театр маусымы да күзде басталады. Жоспар көп. Сабақ, дайындық, тұсаукесерлер… Сондықтан менің жаныма осы маусым жақындау.

– Астананы 30-50 жылдан кейін қалай өзгереді деп ойлайсыз? Мұнда қандай адамдар тұруы мүмкін?

– Мұнда мүлдем басқа ұрпақ тұратын болады. Тәрбиесі де басқаша болады. Қазір мұнда балалар өте көп. Олар туған тарихын жатқа біледі, қаламен бірге өсіп келеді. Кешкі Астанаға көз салыңызшы… Қала жарқырап тұр! Мен әлем елдеріне гастрольдік сапармен көп шығамын, бірақ дәл осылай жарқыраған қаланы көрмеппін. Барлық жер жап-жарық, әдемі… Көпірлер, көшелер… Ең бастысы, айнала тып-тыныш! Бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Бәрі де жанға жайлы. Адам баласы өсе келе арманға ұмтылады. 50 жылдан кейін Астана мен онда тұратын адамдар қазіргіден де көркейіп, сұлулана түседі. Біздің балаларымыз осындай сұлулықта өмір сүретін болады.

...