Юрий Владимирович Пя


— кардиохирург, Қазақстанның Еңбек Ері

Еліміздің денсаулық сақтау саласына ерен еңбегі сіңген. Ерекше қабілеті мен тәжірибесінің арқасында Қазақстандағы кардиохирургияның дамуы ТМД елдеріндегі дәл осындай қызметтен асып түсті. Осылайша, кардиохирургия саласы айрықша жетілген әлемнің 22 елінің қатарына енді. 2010 жылдан бастап, «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ Басқарма төрағасы. Орталық ашылғаннан бастап, жүрек алмастыру бойынша 60 ота, өкпе ауыстыру бойынша 7 рет сәтті ота жасалды.

– Кеңес Одағы тараған соң маған, қарапайым кардиохирург үшін ауыр кезең басталды. Қызметімді жалғастырып, кәсібімді жетілдіруге мүмкіндік болмады. Сондықтан шетелге кетуге будым. Жолым болып, 10 жыл шетелде өмір сүріп, тәжірибе жинадым. Әртүрлі елдерге тәжірибе алмасуға, оқуға барып, симпозиумдарға қатыстым. Осылай, мол тәжірибе жинап, Отаныма керек екенімді, елге қайтатын кез келгенін сездім. Бұрын мен Түркияда жұмыс істегенмін. Ол жақта мен сияқты мамандар жетіп артылатын. 2003 жылы Астанаға, еліміздің жаңа Елордасына келуге ұсыныс түсті. Сол кезде өз еліме көбірек қажет екенімді ұқтым. Тек қана науқастарға ғана емес, өз тәжірибеммен бөлісетін жас мамандарға да керек екеніме көзім жетті.

– Астанаға алғаш келген кезіңізді есіңізге түсіріңізші. Алған әсеріңіз қандай? Сізді ерекше таңқалдырған не болды?

– Мен алғаш рет 2003 жылдың 1-желтоқсанында келдім. Туған жерім Қазақстанның оңтүстігі, Жамбыл өңірі. Кейін Мәскеуге оқуға бардым. Сосын Түркияда жұмыс істедім. Мұнда келгенде ауа райы таңқалдырды. Мен өмірімде мұндай суықты көрмеппін. Алғаш рет қақаған аязбен таныстым. Алайда, сол кезде қызу еңбек күндері басталып кетті. Осындағы кардиохирургияны жолға қою үшін жоқтан бар жасау керек болды.

– Сіз аса білікті мамансыз, танымал дәрігерсіз. Әлемнің көптеген елдері Мізге қол жеткізуді қалайды. Шуақты қала Алматыдан да ұсыныстар түскен шығар… Бірақ, Сіз неліктен Астананы таңдадаңыз?

– Алматыда кардиохирургия бұрыннан бар. 60-жылдан бастап дамып келе жатыр. Сондықтан жаңа астанаға пайдам көбірек тиетін шығар деп ойладым. Бір айта кетерлігі, Астана нөлден бастап дамыса, мұндағы кардиохирургия да дәл солай дамыды. Бастапқыда: «Мұнда ештеңе жоқ, неден бастасам екен?»,– деп қатты қорықтым. Кейін жоғары сапалы кардиохирургиялық көмек көрсететін, халықаралық талапқа сай деңгейдегі мамандар жиналды.

«Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы» АҚ Қазақстан Республикасы Президентінің тасырмасымен құрылған. 2011 жылдың 12-қыркүйегінде ашылды. Астанада орталық ашылған соң еліміздегі кардиохирургиялық көмекке зәру азаматтар шетелге шығып, ем-домға жүгінуге қажеттілік азая бастады. Ал Қазақстандағы шетелдіктерге халықаралық стандартқа сай медициналық көмек алуға мүмкіндік туды. Орталық ашылғалы жүрек ауруларына диагностика жасау және емдеу бойынша 18 жаңа технология енгізілді. Инновация көмегімен 2385 бірегей ота жасалды. Ю.В. Пяның басшылығымен орталық әлемнің үздік ауруханалары тізіміне енді. 2014 жылы халықаралық аккредитациядан өтті. 2017 жылы халықаралық сапа деңгейдегі сапа символы -«Мақұлдау Алтын Белгісін» иеленді.

Міндеті:

біз Жүрек-қан тамырлары ауыратын науқастардың денсаулығын жақсарта отырып, халықтың болжамды өмір жасын ұзартуға атсалысамыз.

Болжамы мен мақсаты:

Орталық Азиядағы жетекші ғылыми-кардиохирургиялық орталық өзінің қызметін халықаралық сапа стандарттарына сай жүргізеді. Тәжірбие, ғылым, білім және инновациялық тәсілдердің озық үлгілерін пайдалана отырып, науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

– Сіз алдыңғы қатарлы, заман талабына сай аурухана қалыптастырдыңыз. Өзіңіз басшылық ететін орталық тағы қандай жетістіктерге жетті?

– «Мынандай жетістікке жеттік» десек, мақтанғандай болармыз. Басты мақсатымыз - науқастардың жоғары сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндік туғызу. Бұл жүрек- қан тамырлары кеселімен ауыратындарға арналған орталық. Еліміздің тұрғындары сапалы медициналық көмекті өзімізден алса деген ой болды. Шетелге барып ем-дом алуға екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Меніңше, бүгінде біз осы мақсатты жүзеге асырған сияқтымыз. Ол аз болса, жүрек алмастыру тәжірибесін енгіздік. Әзірге бұл тек Астанада ғана жасалып жүр.

2012 жылдың 8-тамызында Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы базасында алғаш рет донорлық жүректі алмастырып салу жүзеге асырылды. Бұл отаны еліміздің жетекші кардиохирургі Юрий Пя мен чех кардиохирургі Жан Пирк бірге жасады. Жүректі алмастыру отасы 6 сағатқа созылды.

Сол сияқты, жасанды жүрек алмастырып салу тәжірибесін де енгіздік. Бүгінде біз Орталық Азияда донорлық және жасанды жүрек алмастыру салу саласында көшбасшы атандық.

Қазақстанда алғаш рет жасанды жүрек алмастыру отасы 2017 жылдың 19- қазанында жасалды. Оған 5 мемлекеттің кардиохирургтары қатысты. Юрий Пя бастаған Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының кәсіби мамандары отаны сәтті жасады. Жасанды жүректі француздың бірқатар мамандары Еуропа әуе-ғарыш және қорғаныс концернімен бірлесе отырып жасаған.

– Бүгінде Сізге әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар емделуге келіп жатады. Қалай ойлайсыз, бізде кардиоорталықтың есебінен медициналық туризмді дамытуға бола ма?

– Осы сөзді суқаным сүймейді. Бірақ ол күнделікті қолданысқа енді. Медицина мен коммерция, менің ойымша, мүлде үйлеспейтін ұғымдар. Егер медицаналық мекеме бизнеске бағыт алса, науқас тасада қалып қояды. Бірінші орынға, әрине, ақша шығады. Бұл деген күйреу! Медицинада ондай болмауы тиіс. Сондықтан біздің ең басты әрі негізгі мақсатымыз Қазақстан азаматтарына көмек көрсету болып қала бермек. Алайда, басқа елдердің азаматтарына көмек көрсетуге мүмкіндік туып жатса, оның түк те айыбы жоқ.

– Сіз әлемнің көптеген елдеріне болдыңыз. Астананы қандай қаламен салыстырар едіңіз?

– Астана– бірегей, ерекше қала.Оны басқа қалалармен салыстыруға болмайды. Көзіңізге бірінші түсетін құбылыс – қарқынды даму, күрт өркендеу. Осындай қысқа мерзімде қала шапшаң өзгеріп кетті. 20 жыл деген өз қысқа мерзім. Бірақ қазір біздің Астананы күллі әлем біледі. Мұнда аса маңызды халықаралық саяси іс-шаралар өткізіледі. Тек қана саяси емес, түрлі конгрестер, мәжілістер өткізіледі… Мәселен, өткен жылы біз Астанада кардиоторакалды және кардиоваскулярлы хирургтардың XXIIV Конгресін өткіздік. Біз оны мақтан етеміз. Себебі, ТМД елдерінің ішінде осындай дәрежедегі мәжілісті өтікізіп отырған бірінші мемлекет , бірінші қала бізбіз.

2017 жылдың қыркүйегінде Астанада кардиоторакалды және кардиоваскулярлы хирургтардың конгресі өтті. Қауымдастық ғылыми-тәжірибелік медицина саласына зор үлес қосқан әлемнің жетекші кардиохирургтарын біріктіреді. Астананы Бүкіләлемдік қауымдастықтың ұйымдастыру комитеті үміткер-елдердің арасынан дауыс беру арқылы таңдап алған. Қазақстан жоғары бәсекелестік жағдайында жеңімпаз мемлекет мәртебесін жеңіп алды. Осылайша халықаралық кардиохирургия әлемінде толықтай танылды. Алғаш рет Еуразия аумағында денсаулық сақтау бойынша халықаралық деңгейдегі аса ірі іс-шара бізде өткізілді. 2012-жылы Тәуелсіздік Сарайында әлемнің 30 елінен келген 1000 тарта кәсіби мамандары бас қосты.

– Астананы 30-50 жылдан кейін қалай елестетесіз? Сіздің кардиология оталығыңыз қалай өзгеруі мүмкін?

– Біздің ірі жобамыз бар. Болашақта орталық тек науқастарға көмек көрсетіп қана қоймай, кардиология және кардиохирургия саласында жұмыс істеп жатқан мамандардың білімін жетілдіретін базаға айналдырсақ деп отырмыз. Осы медициналық хаб бүкіл аймақтың орталығына айналатынына сенімдімін. Тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Еуразия кеңістігінде. Біздің оған әлеуетіміз жеткілікті. Меніңше, Астананың зор мүмкіндігі әлі дамудың бастапқы сатысында тұр.

...