Башир Солсанов


Құрылысшылар әулетінің негізін қалаушы

Ақмола облысында дүниеге келді. Астана қаласында 1961 жылдан бері тұрады. Целиноград қалалық халық депутаттары кеңесінің депутаты (1990- 1999 жылдар), Vшақырылымдағы Астана қалалық мәслихатының депутаты (2011-2015 жылдар). Кәсіпкер, құрылыс компаниясының негізін қалаушы.

– Алдымен өткенге бір шолу жасап, Астананың Арқа төріне қалай көшіп келгенін есімізге түсірейікші. Сіздер, жергілікті тұрғындар, Ақмола астана болады деген хабарды қалай қабылдадыңыздар?

– Астананың көшіп келуі желтоқсанға тап келді. Күн қатты суық еді. Әлбетте, жергілікті тұрғындар бұл хабарды еістіп, қатты қуанды. Біз бұрын бір шетте, тып-тыныш тұрып жаттық. Ббізді ешкім мазаламайды. Біз де ешкімге кедергі келтірмейтінбіз Жайбірақат, бірқалыпты тіршілік. Сөйтіп жүргенде «Алматы келе жатыр» деді. Әрине, бастапқыда сенбегендей болдық. Бұл бізге мүмкін еместей боп көрінді. Айтылады да ұмытылады деп ойладық. Алматыдан көшіп келетіндер болмады. Ал біз, жергілікті тұрғындар олардың қоныс аударуын жақтыра қоймадық. Бірақ алматылықтар келе бастады. Бәрі реттеліп, орналаса бастады. Астананың көшіп келгенін, Алматы ғана емес, түрлі қалалардан адамдардың ағыла бастағаны әлі есімде. Тура тың игеру кезіндегідей, аймақтардан ең үздік, өзіне сенімді жандар келе бастады. Араласа келе, біз олардың парасатты, білімді адамдар екенін көрдік. Олармен сөйлесудің өзі бір ғанибет еді. Олар мүлде басқаша ойлайтын. Білім деңгейі де жоғары болатын. Осылайша, бәрі қалыпқа түсті. Әлі есімде, ең алдымен қала шетінде «Бәйтеректің» негізі қаланды.

«Астана-Бәйтерек» Қазақстан астанасындағы монумент. Қаланың ең басты әрі танымал ескерткіші. Жоба Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске асты. Сәулетшісі - Ақмырза Рустембеков. Монумент 1997 жылы астананы Алматыдан Ақмолаға көшірудің символы ретінде салынған. Бәйтерек - қазақ халқының қайта түлеп, ұлт өміріндегі жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. Ол Президенттің оң қолының бедері түсірілген «Аялы алақан» көркемөнер композициясы арқылы берілген. Дәл ортасында әлемдегі барлық діндердің бірлігін білдіретін 17 дін өкілдерінің қолтаңбасы қойылған ағаш глобус орнатылған. Құрылымның биіктігі - 100 метр, құрылымды аяқтап тұрған шарымен қосқанда биіктігі - 105 метр болады. Шардың диаметрі- 22 метр. «Бәйтерек» сөзі - жас, мықты, өскелең ағаш деген ұғымды білдіреді, бұл тарихи тамырын сақтап қалған, іргетасы берік және болашақта елінің гүлденуіне ұмтылатын мемлекеттің символы болып табылады.

Біз біртіндеп жаңа Астананың құрылысын жоспарлағандардың түпкі мақсатын түсіне бастадық. Уақыт өте келе, бұл қадамның әбден ойластырылған, бәрі есептелген жоба екенін ұқтық. Астананың бас жоспарын жасауға әлемнің ең үздік сәулетшілері қатысты. Бүгінде біз осы жоспардың көп бөлігі жүзеге асқанын көріп отырмыз. Жобаның бір кереметі – жоспар алдағы бірнеше ондаған жылды қамти отырып, дайындалған. Құрылыс жұмыстары қыза бастағанда, біздің мекеме де кішігірім мердігерлік жұмыстармен айналысатын болдық. Осылайша, ақырындап, құрылыс жұмыстарының екпініне ілісіп кеттік.

– Астананың құрылысы басталғанда қанша жұмыс орны пайда болды?

– 1996-97-жылдары, әлі есімде, елімізде көптеген өнеркәсіп кәсіпорындары, өндіріс, ауыл шаруашылығы тоқырап, қаңтарылып тұрды. Электр энергиясы тапшы, жарық пен су жоқ. Содан осы ірі құрылыс басталып кетті. Бұл құрылыс қала тұрғындары және бүкіл Қазақстан халқы үшін бүтін бір мемлекеттің экономикасын алға сүйрететін локомотивке айналды. Жаңа жұмыс орындары пайда болып, құрылысқа тапсырыстар түсе бастады. Бізге өндірісті өркендетуге және техниканы жаңартуға мүмкіндік берілді.

Қала экономикасының негізін сауда, көлік, байланыс және құрылыс құрайды. Қазақстан экономикасына қосатын үлесі жағынан Астана елімізде екінші орын алады. Өнеркәсіп өндірісі көбіне тамақ өнімдері, сусын, құрылыс материалдары және машина жасау төңірегінде шоғырланған. Инвесторларды тарту және бәсекеге қабілетті жаңа өндірістерді дамыту мақсатымен қалада Арнайы экономикалық аймақ құрылды.

Содан кейін несие –лизинг жүйесі жетіліп, мемлекет тарапынан қаржыландыру басталды. Бұл біздің кәсіпорынның жаңа деңгейге көтерілуіне елеулі үлес қосты. Біз коммуникация, сумен қамтамасыз ету, жол салу, абаттандыру және көгалдандыру бойынша маманданғанбыз. Компания мемлекеттің қолдауы және мемлекет тапсырысымен бүкіл құрал-жабдығын қайта жарақтап алды. Бүгінде біз Астана қаласындағы ең ірі құрылыс-монтаж кәсіпорындарының біріміз.

– 20 жыл ішінде ірі қала салынды, құрылыс қарқыны сапа мен деңгейге сай келе ме?

– Өздеріңіз білесіздер, 90-жылдардың соңында білікті мамандар елден кетіп жатты. Кеңес технологиясы ескірген. Қайта құру жылдары қолда бардан айырылып қалдық. Бірақ, Астананың құрылысы көптеген шетелдік фирмаларды тартуға мүмкіндік берді. Бізге Италиядан, Югославиядан, Түркиядан және өзге елдерден мамандар келе бастады. Олар өз тәжірибесімен бізге үйретумен қатар, тәжірибесімен бөлісті. Батысқа барып оқудың қажеті болмай қалды. Бұл әлемдік деңгейдегі үздік компаниялар еді. Біз олардан жаңа технологияны, жаңа құрылыс материалдарын пайдалануды үйрендік. Қазір мен қазақстандық компаниялардың деңгейі шетелдік компаниялардан кем емес деп сенімді түрде айта аламын. Кейбіреулері, тіпті, Батыста жұмыс істеп жатыр. Олар бәсекелесе алады. Мұндай тәжірибені бізге Астана берді. Яғни, осы бір құрылыс пәрмені біздегі құрылыс пен басқа салалардың локомотивіне, мектепке айналды.

Фотография: Максим Золотухин

ЭКСПО-2017

Халықаралық мамандырылған көрме Қазақстанның елордасы Астана қаласында 2017 жылы 10 маусым – 10 қыркүйек аралығында өтті. ЭКСПО -2017 көрмесіне 100 мемлекет пен 10-нан астам халықаралық ұйым қатысты. Көрмеге 4 миллионға жуық адам келді. Олардың 0,5 миллионы өзге елдерден. Көрменің басты нысаны – әлемдегі ең үлкен сфералық ғимарат болып табылатын «Нұр Әлем». ЭКСПО нысандарының құрылысына күллі әлемнен 100-ден астам компаниялар атсалысты.

– Ал 20 жыл бұрын Ақмолада тұрған адамдар өзгерді ме?

– Әрине. Қазір біз бас қаланың тұрғындарымыз. Сондықтан 20 жыл бұрынғыдай емеспіз. Бүгінде Астанада аса ірі халықаралық форумдар, кездесулер өтеді. Мұнда білім беретін мекемелер көп. Президент пен үкімет те осында. Астана тұрғындары ретінде өмірдің жаңа деңгейге көтерілгенін, мүлде басқа сипат алғанын сезінеміз. Тұрмыс-тіршілігіміз жақсарды.

– 30-50 жылдан кейін Астана қалай болады деп ойлайсыз? Бұл жерде қандай адамдар тұруы мүмкін?

– Астана мен Қазақстанның болашағы өте зор. Елімізде халыққа білім беру үшін көп нәрсе жасалуда. Атап айтқанда, «Болашақ» бағдарламасы бойынша жастар шетелде оқуға мүмкіндік алды. Назарбаев Университеті, Назарбаев мектептеріне әлемнің ең үздік мамандары тартылуда. Балалар жаңа технология мен ғылымды үйреніп жатыр. Бүгінде жастар спортпен айналысады. Астанадағы жас өркен табанды. Білім алуға, мансапқа қол жеткізуге ұмтылады. Елімізді көркейтіп, гүлдендіру үшін экономикалық, адами әлеуетіміздің мүмкіндігі зор. Астана әлі де өзгереді. Оң жағалаудағы ескі қала он шақты жылдан кейін жаңарады. Қалада монорельсті жол қатынасы болады. Астана қиялға бергісіз қалаға айналады!

...