Нұрқат Жақиев


Назарбаев Университетінің ғылыми қызметкері,
физика бойынша PhD

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының Қоры жанындағы Ғылым жөніндегі республикалық кеңес мүшесі.

– Астанаға алғаш рет қашан келдіңіз? Келген кезіңізде қала қандай әсер қалдырды?

– Мен Орал қаласында туып-өстім, сол жерде оқыдым. Университеттен кейін туған жерімде жұмыс істедім. Астанаға алғаш рет 2005 жылы келдім. Қыстың басы, желтоқсан айы болатын. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы ретінде студенттеріммен бірге физика пәні бойынша олимпиадаға қатыстым. Қарағандыдан қайтар жолда Астанаға соғып, бір күн бойы сонда болдық. Соның өзінде Астананың бар әсемдігін көріп, қақаған аязын сезініп үлгердік. Сол кезде үскірік аяз болғаны есімде. Бірақ маған өте ұнады. Сол жағалауды түгелдей жаяу жүріп өттік. Бойымызда күшіміз тасып тұрған жас емеспіз бе? Бәйтеректен Ақордаға дейін жүгірдік. Сол жағалаудағы барлық заманауи құрылыстарды көрдік.

Фотографии Игоря Бургандинова

Бұл қала бәрімізді тәнті етті. 2005 жылдың өзінде Астанада күрделі құрылыстар басталып, қала көзтартар сәулетімен елді тамсандырды. Шаһардағы тіршіліктің өзі жоғарғы қарқынымен ерекшеленді.

– Неліктен Астанаға қоныс аударуға бел будыңыз?

– PhD докторантураға түстім. Ғылыми еңбегімді қорғау үшін күндізгі бөлімде оқуым керек болды. Сол себепті, отбасымызбен Астанаға көшуді ұйғардық. Дипломымды қорғадым. Балалар мектепке барды. Сөйтіп, 2011 жылдан бері Астанада тұрып жатқан жайымыз бар. Оның үстіне, бұл жерде жас ғалымның жұмыс істеп, дамуына мүмкіндік көп екенін түсіндім. Ғылым кез-келген астана үшін білімді һәм сауатты мемлекеттің айнасы саналады.

Қазірдің өзінде Астана білім мен медицина саласында Қазақстандағы сөзсіз көшбасшы болып табылады. Дәл осы жерде әлемдік стандарттарға сай мектептер, университеттер мен медициналық мекемелер жұмыс істеуде. Дәл осы жерге дүниежүзінің түкпір-түкпірінен студенттер келіп, білім алуда. Ал дәрігерлердің табысы мен жетістіктері (әсіресе, кардиология мен трансплантология саласында) күллі әлемге белгілі. Болашақтағы Астана агломерациясы – био және ақпараттық технологиялар, энергетика мен ғарыш саласы бойынша ғылыми консорциумдарға жол ашатын Назарбаев Университеті мен медициналық кластердің негізіндегі жоғары технологиялар мен инновациялар орталығы. Ашық онлайн курстары бар халықаралық білім орталығы құрылады. Медицина саласында – инновациялық технологиялар трансферті. Емханалар мен ауруханаларды сандық жүйеге көшіру адамдарды емдеу үшін XXI ғасыр медицинасы меңгерген барлық тәсілдерді қолдануға мүмкіндік береді.

Шетелдіктер Астанадағы ғылымның дамуына қарап, бүкіл Қазақстандағы ғылымның деңгейіне баға береді. Мен зерттеу жүргізуде қолданбалы зерттеулерден қол үзгім келмеді. Ал мұнда ғылыми жұмыс үшін мүмкіндік өте көп.

– Қазіргі таңда Қазақстандағы, бәрінен бұрын Астанадағы жас ғалымдарға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіліп отыр?

– Қазақстанда жас ғалымдарға әр түрлі қорлар арқылы қолдау көрсетіледі. Біз келешегі бар, шынымен қажетті зерттеулер жүргізу арқылы түрлі сапарларға және ғылыми қызметке грант аламыз. Жас ғалымдарға арналған бөлек грант бар. Астананың ғалымдары бүгінгі күнде айтарлықтай бәсекеге қабілетті болғандықтан, Қазақстаннан тысқары шығып, грант ұтып алуға барымызды салудамыз. Яғни шетелдік қаражатты тартуға тырысып жатырмыз.

– Астанада отбасыңызбен бірге демалатын сүйікті жерлеріңіз бар ма?

– Мұнда көптеген керемет демалыс орындары бар. Астанада саябақтар өте көп: «Арай», «Студенттік», «Махаббат саябағы», «Жерұйық». Маусым мен ауа райына байланысты сол жерлерге барып тұрамыз. Кейбір жерлерде концерт болып жатса да, баруға тырысамыз. Бірақ біздің ең сүйікті жеріміз – Жағалау. Біз Астанаға келгенде алғашқы үш жыл бойы оң жағалауда тұрдық. Өзен жағасына жаяу баруға болатын еді. Уақытымызды көбіне сол жерде өткізетінбіз.

...

– Жас ғалымдардың ғылыми жұмыстары Астанаға қандай өзгеріс әкелуі мүмкін? 30-50 жылдан кейін қала қандай болмақ?

– Өз мамандығым мен физика және жаңа технологиялар саласындағы зерттеулеріме сүйене отырып жорамалдап көрейін. Келешекте Астана табиғи қуат көзін, жаңғыртылатын энергия көздерін пайдаланады деп ойлаймын. Тұманды Альбион күн электр станцияларына қаржы құйса, неге бізге де табиғатқа қаржы құймасқа? Бұл тиімді әрі өз-өзін ақтайды. Жел мен күн сәулесі бізде жеткілікті, Құдайға шүкір. Оны өзіңіз де байқаған боларсыз.

Халық энергетикаға, қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертеді, қоқысты 100 пайыз өңдеп үйренеміз. 30-40 жылдан кейін Астананың тек қана жаңғыртылатын энергия көздерінен қуат алатынын осы кезден елестетіп отырмын. Төбеміздегі аспан тұмансыз, түтінсіз, ешқандай химиялық бөлшектерсіз таза болады. Адамдар таза ауамен тыныстайтын болады.

Ақылды энергетика. Бұл ең алдымен баламалы, сақтаушы және жаңғыртылатын қуат көздеріне көшу. Қазірдің өзінде астанамызда ЖҚК-нің 18 шағын түрлері бар. Ал, 2050 жылы әр түрлі ЖҚК-нің үлесі 50 пайызды құрайтын болады. Өздігінен дәлденетін «Smart Flower» жүйесі күн сәулесін электр қуатына айналдыруға мүмкіндік береді. Автобус аялдамалары, бағдаршамдар, гаджеттерді қуаттауға арналған технологиялық құрылғылар, саябақтар мен гүл бақтарындағы шамдар мен шырағдандар күн көзінен қуат алатын болады. Электр қуатына деген сұранысты басқару жүйесі де «ақылды энергетика» ұғымына жатады. Ол жүктеме қатты артқан кезде электр қуатының тұтынылуын азайтуға мүмкіндік береді және желдету, кондициялау, жарық беру және т.б. жүйелерді өздігінен реттеп отырады.

...