Астана-2050 – Қазақстанның жас ғалымдарының көзқарасы

Рауан Лұқпанов


Л.Гумилев атындағы ЕҰУ қауымдастырылған профессоры, ЕҰУЛАБ Ғылыми-өндірістік орталығының директоры.

«Құрылысшы, геотехник және де Астананың кең ауқымды құрылысының куәсі ретінде айтарым, біздің құрылыс әлемдік тәжірибеге қол жеткізді. Бүгінгі күнде біздің құрылысшылар – тәуелсіз, жоғары білікті, ең бастысы, терең ойлы мамандар. Осы белгіленген даму бағыты тұрақтанды деген ойдамын. Мен Астананың болашағын ілгерілеумен байланыстырамын. Ең алдымен бұл – жоғары технологиялық құрал-жабдықтың, жаңа заманауи технологиялардың, жаңа құрылыс материалдарының қолданылуы. Бүгінде өзіміз де соған куә болып отырмыз. Қазіргі Астанадағы сәулеттің сан түрлілігі – аталмыш даму бағытының нәтижесі. Ол астанамыздың сәнін кіргізіп, оны түрлі-түсті бояуларға толтырып, қаламыздың мәртебесін арттырып тұр. Болашақта да осы бағыттан таймаймыз деген ойдамын. Оған қоса, жаңа, заманауи, футуристік сәулетті де дамытатынымыз анық. Десе де, құрылыс саласында заманауи үрдістерден ауытқымаймыз.

Қазір қай құрылыста да үнемдеп қана қоймай, сапаны арттыру және тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту көзделеді. Инновациялық жобаларды енгізіп, жүзеге асырып жатқан компаниялар бүгінгі нарықта өте көп. Сондықтан құрылыс пен ғылым 50 жылдан кейін қала құрылысындағы өзара байланысты салаларға айналмақ».

Астана әлемдік сәулет саласының тәжірибе алаңына айналды. 20 жыл ішінде дала төсінде тамаша ғимараттары бар ғажайып қала пайда болды. Астананың архитектуралық келбетінде шығыстың дәстүрі мен Батыстың үздік сәулетщілерінің озық ойы мен көркем қиялы үйлесім тапқан.Бас жоспарды жапонның танымал сәулетшісі Кисе Курокава дайындады. Бейбітшілік және келісім сарайы, Тұңғыш Президент Қорындағы Кітапхана, «Әбу Даби Плаза Астана» жобалары ағылшын Норман Фостерге тиесілі. Киноконцерт залын итальяндық Манфреди жобалады.

Әсия Ермұхамбетова


Химиялық инженерия бойынша PhD, Назарбаев Университеті инженерия мектебінің пост-докторанты

«Химия саласы 30-50 жылдан кейін қазіргіден әлдеқайда дамып кетеді. Бізге қажетті жағдайға бейімделетін жаңа материалдарды жасап шығаруға осы кезден жол ашылуда. Үстіміздегі киімімізде қолданылатын «ақылды» материалдар әлден ойлап табылды. Қарқынды дамып келе жатқан Астана шаһары үшін бұл ең алдымен болашақтың құрылыс материалдары. Оның үстіне қаланың өзіне тән климатын да ескеру қажет. Біз ең ауыр салмақты, мәселен, белгілі бір жүктемені, қысымды, белгілі бір температураны көтере алатын материалдарды жасап шығарамыз. Оған қоса, олар жеңіл, әдемі, мөлдір, серпілмелі және т.б. болуы тиіс.

Астананың ауа райы ерекше. Жазы құрғақ, қысы суық. Қала әлемдегі салқын шаһарлардың болып табылады. Қала жазық жерде орналасқандықтан желдің екпіні күшті. Бұл, әсіресе, қазан-қараша айларында айрықша сезіледі.Осы кезеңде ұйытқи соққан жел жазға дейін толастамайды. Қаланы желдің өтінен сақтауға арналған «Жасыл белдеу» жобасы Елорданың айналасын ну орманға айналдыруды көздейді. 1997 -2016 жылдары ағаш отырғызылған алқап 75,1 мың гектарды құраса, мұның 14,8 мың гектары қала аумағында. 2020 жылға қарай «Жасыл белдеу» аумағын 100 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Жасыл алқап болашақта Бурабайдағы табиғи орманымен қосылуы тиіс.

Үлкен қаланың маңызды бөлшегі, әрине, инфрақұрылым. Біз қазірдің өзінде құрылыста өте үнемді қоспалар мен құймаларды қолданудамыз. Кез-келген металл қымбат дүние. Сондықтан химик-материалтанушылар құйындыларды арзандатудың амалын жасап жатырмыз. Оның үстіне бұл қалада жиналатын қалдықтарды қайта өңдеу. Бұл – өте маңызды мәселе. Мұнымен ғалымдар айналысуда. Бұл дегеніңіз – тұрмыстық қалдықтарды, кәсіпорындардың қалдықтарын бөліп, ары қарай өңдеп, қайта қолдану.

Астананың қақ төріндегі мөлдір күмбез жобасы шеңберінде ерекше берік материалдарды пайдалану көзделген. Сулы –Жасыл бульварының төбесіндегі күмбез жобасын белгілі испан сәулетшісі Калатрава дайындап жатыр. Ол әлемнің түрлі елдеріндегі көптеген футуристік нысанның авторы. Олардың қатарында Израильдегі Шекті көпір, Испаниядағы Аудиторио-де-Тенерифе бар. Оның сәулеттегі эстетикасын «био-тек» айқындайды. Тұжырымдамаға сәйкес, болашақта Астанадағы Сулы-Жасыл бульварын үш сатылы етіп жасау жоспарланған.

Болашақ бүгіннен басталып жатыр. Шындығында, ғылымның қазір қолданысқа енген жетістіктеріне қарасақ, біз болашаққа есік аштық десек те болады. 50 жылдан кейін Астана эргономикалық, заманауи, әсем әрі тұрғындар үшін жайлы мегаполис болады. Бұл – біздің болашағымыз. Осыған ұмтылуымыз керек. Әйгілі америкалық футуролог Митио Какуға сенсек, болашақта біз қас-қағым сәтте орын ауыстырып, бір-біріміздің ойымызды оқитын боламыз.

Митио Каку

- тегі жапон америкалық физик. «Global Challenges Summit – 2018» он бірінші Астана экономикалық форумының қатысушысы. Ол Астанадағы экономикалық форумда алдағы 30 жылда барлық жерде компьютерлік чип қолданысқа енетінінін айтты. Керек десеңіз, көз линзасында да ғаламтор болуы мүмкін. Онлайнға шығу үшін көзіңді бір жұмып, ашсаң жетіп жатыр. Каку – теориялық физика мен әлем жайлы заманауи тұжырымдамаларды белсенді дәріптеуші.

Қазіргі кезде технологияның тез дамып, тез ескіріп жатқанын ескерсек, жақын келешекте ғылым үлкен өзгерістерге ұшырап, анағұрлым дами түседі. Ал ғылыми Қазақстанның орталығы Астанада болады».

...