Кеңдай Ахметов


Теміржолшылар әулетінің өкілі

теміржолшылар әулетінің өкілі. Ол Астанаға Қарағанды облысынан келген. 1969 жылдан бері темір жолда жұмыс істеп келеді. Қазір зейнеткерлікке шыққан. Ахметовтар отбасы - ұлттық «Мерейлі отбасы» байқауы жеңімпаздарының бірі. 40 жыл ҚТЖ-да қызмет еткен Кеңдай Ахметов «Құрметті теміржолшы» атағын иеленген, үш рет «Жылдың ең үздік басшысы» атанған.

– 20 жыл бұрынғы Астана сізді несімен таң қалдырды?

– Мені, қарапайым теміржолшы ретінде осы қалаға 2000 жылы жұмысқа шақырды. Алдымен энергетика саласында жұмыс істей бастадым. Ахметовтар отбасы теміржолшылар әулеті болатын. Біздің әулеттен 60-қа жуық теміржолшы шыққан. Ата-бабамыз тар табанды темір жол салу ісін бастапты. Жалпы, біздің әулеттен шыққандардың теміржолда қанша жыл жұмыс істегенін санағанымызда, 1264 жыл шықты. Бабаларымыздан бастап есептегенде, біздің төрт ұрпақ өмір жолын теміржолмен байланыстырған екен. Менің балаларым да жолымды қуды. Мен қызметімді Қарағанды бөлімшесінде байланыс және белгі беру мекемесінде монтер болып бастағанмын. Содан жоғары қызметке дейін өстім. Кейін Астанаға көшіп келдім. Қалаға алғаш келгенде алған әсерім – қызу құрылыс жүріп жатты. Құрылыс крандары көп болатын. Барлық жерде қалпына келтіру жұмыстары жанданған кез болатын.

Ескі вокзалды қалпына келтіріп жатты. Тепловоз зауытының құрылыс басталып кетіпті. Осының бәрі құла дүзде жүріп жатқан. Гуілдеген техника құлақ тұндыратын. Алғаш келгенде осы ірі құрылысқа таң қалдым. Ал қазір нәтижесін көріп, одан сайын тағңдай қағамын. Астанада су жаңа, заманауи құрылымдар бой көтерді. Мұндағы үйлер бір-біріне ұқсамайды. Қайсысына қарасаң да, көз тартады.

– Астанадағы еңбек жолыңызбен таныстырып өтсеңіз.

– Біз осында көшіп келгенде, мені темір жолды энергиямен қамтамасыз ететін қосалқы стансаның бастығы етіп тағайындады. Одан бөлек, біз барлық жылжымалы құрамдарды, тасымал құралдарын және жергілікті тұрғындарды электр жарығымен қамамасыз етіп тұрдық. 2000 жылы мұндағы құрылғылардың бәрі ескірген болатын. Бірақ біраз уақыт өткенде, біз темір жол энергетикасын жаңарта бастадық. Жаңа неміс қондырғыларын сатып алдық. Бүгінде мұнда алты қосалқы станса бар. Бұл темір жол энергетикасы саласындағы аса ірі өзгеріс болып саналады.

– Астана құрылысы басталған кезден қазіргі кезге дейін темір жол жүйесінде қандай өзгерістер орын алды?

– Бүгінде бәрі өзгерген. Мәселен, жаңадан ашылған «Нұрлы жол» темір жол вокзалын алыңыз. Оны екі жылдың ішінде салып бітірді. Бұл деген көз көріп, құлақ естімеген жаңалық емес пе? Мұндай вокзал ТМД-да, тіпті Еуропада жоқ. Ондай вокзал әлі салынбаған. Оның түрлі құрамдарды қабылдайтын алты жолы бар. Тәулігіне 35 мың жолаушыны қабылдап, шығарып салады. Барлық бағытта 54 состав жөнелте алады! Бізде, сол сияқты, «Тальго» шығаратын вагон жинақтаушы зауыт салынды. Уақыт өте келе Қазақстандағы темір жол тасымалы «Тальго» пойыздарына ауысады. Олар өте қолайлы. Бұл – біріншіден. Екіншіден, бұл – жүрдек пойыздар. Астанада тағы бір кәсіпорын - тепловоз дизельдерін шығаратын зауыт салынды.

Халықаралық мақсаттағы «Нұрлы жол» темір жол кешені 2017 жылдың 1 маусымында Астана қаласында ашылды. Вокзал ғимараты алты деңгейден тұрады. Жалпы көлемі 126 мың шаршы метрді алып жатыр. Вокзал негізгі магистральмен эстакада арқылы жалғасады. Оның ұзындығы - 2500 метр. Бірінші, екінші қабаттар жер астында орналасқан. Сол жерде тұрақ аумағы мен қызметтік-техникалық кеңсе-жайлар орналасқан. Пойыздар үшінші қабатқа келіп тоқтайды, жолаушылар осы жерден отырып, осы жерден түседі. Вокзал перроны жабық. Осылайша, жолаушылар қолайсыз ауа райынан қорғалады.

– Ал қаланың қоғамдық көліктері ойыңыздан шыға ма? Астананың көлік логистикасы сізге ыңғайлы ма?

– Әлбетте. Көліктер керемет, қолайлы, жылы. Біз қоғамдық көлікпен жүргенді ұнатамыз. Өзім мұқияттылыққа әбден етім үйренгендіктен, Астанадағы қоғамдық көліктер жүрісінің тәртіпке келтірілгенін көріп, таң қалдым. Автобустар кесте бойынша жүреді. Бұрын кестемен жүретін автобус дегенді білмейтінбіз. Ал қазір қоғамдық көлікпен жүріп үйреніп кеттік. Бұл ретте автобуспен жүретін астаналықтар мені қолдайды деп ойлаймын.

Бүгінде Астананы көлік түрлерінің, сан тарау жолдың әлемдік деңгейдегі торабы деуге болады. Бұл тек Астананың ғана емес, бүкіл республиканың өркендеуіне жол ашады. Елестетіп көріңізші: мұнда транзиттік пойыздар жүре бастайды. Жан-жақтан жолаушылар ағылады. қаншама жұмыс орны ашылады. Меніңше, бұл біздің жастарымыздың болашағы үшін жасалған игі қадам.

– Отбасыңыз Астананың қай жерінде демалғанды ұнатады?

– Әдетте біз немерелерімізді ертіп, Панфилов саябағына, «Хан Шатырына», «MEGA»- ға барып тұрамыз. Мұнда қызықты жерлер өте көп. Балаларға да, тұрғындарға да, Астана қонақтарына да ұнайтын, ойнайтын, демалатын жерлер баршылық.

– Астананы 30-50 жылдан кейін қалай өзгереді деп ойлайсыз, мұнда қандай адамдар тұруы мүмкін?

– Қазір біз 1 миллион 200 мыңбыз. 30-50 жылдан кейін мұндағы тұрғындар саны 2 миллионға көбейеді. Мұндағы өмір бұрынғыдан да көркейе түседі. Астана тұрғындары Қазақстанның әр түкпірінен жиналса да, адами қарым-қатынас, мәдениет сақталып қалған, адамдардың өзі де кішіпейіл, мейірімді… Қала күн санап гүлденіп келеді. Болашақта Астанада қиялға бергісіз құрылыстар көбейіп, қиялға бергісіз ойын-сауық орталықтары ашылады деп ойлаймын. Бұл қала адамдарға арналып салынған. Мұндағы адамдар әдемі әрі ыңғайлы үйлерде бақытты ғұмыр кешеді.

...